«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры компания қызметі туралы баяндап берді

28.09.2017
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры компания қызметі туралы баяндап берді






















Орталық Коммуникациялар Қызметінде «Қазақстанның газ саласы және мұнайды терең өңдеу» тақырыбында ҚР Президентінің жолдауын талқылауға арналған баспасөз-маслихаты өтті. Брифингке баяндамашылардың бірі ретінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры Манас Тасыбаев қатысты. 
Манас Тасыбаев өз баяндамасында компания қызметіне қысқаша тоқталып өтті. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басшысы газ саласы жүйелі бағдарламалық құжаттардың негізінде дамып жатқанын атап өтті. 2014 жылы энергетика министрлігі елімізді газдандырудың бас сызбасы мен газ саласын дамытудың концепциясын әзірлеп бекітті. Бұл құжаттарда газ саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі даму жоспары көрсетілген. Бас сызбаны жүзеге асырудың арқасында газбен қамтылған ел тұрғындарының саны қазіргі 8 миллионнан 11,5 млнға дейін көбейеді, еліміздің 1600-ден астам елді мекеніне газ құбыры тартылады. 
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры айтып өткендей, 2006 жылдан бері газдандыру жұмыстарына 260 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде мемлекет бюджетінен 112 млрд, ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ өз қаражатынан 150 млрд теңге бөлінді. Осының нәтижесінде газдандырылған елді мекендер саны 730-дан 1200-ге дейін, ал газға қосылған халық саны 2 млн адамға көбейді. 
Соңғы 10 жылда елімізде табиғи газды тұтыну көлемі жылына 8,6 млрд текше метрден 13,1 млрд текше метрге дейін артты. Ал 2030 жылға қарай 18 млрд текше метрге жетеді. 
Табиғи газды тұтыну мөлшері төмендегідей: жылу-энергетикалық кешеннің үлесі 45% асады, 26%   - өндірістік нысандар, тұрғындардың үлесі 23%, ал шағын коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындарға 6%-ы тиесілі.  
Брифинг соңында тілшілер бірқатар сауалдар жолдады. Олардың арасында Байқоңыр қаласын газдандыру мәселесі де қозғалды. Манас Тасыбаевтың айтуынша, жыл соңына дейін Байқоңырдағы әлеуметтік нысандарды газға қосу мүмкіндігі жоғары. Бұл мәселе үкіметтің ұдайы бақылауында. Былтыр «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбырынан ұзындығы 48 км болатын тармақ-құбыр тартылды. Сонымен қатар автоматтандырылған газ тарату станиясы салынды. 
Манас Тасыбаев тұтынылған табиғи газ үшін қалыптасқан берешек – компанияға ауыр салмақ салып тұрғанын атап өтті. «2016-2017 жылғы жылыту маусымының соңында тұтынушылардың берешегі 21 млрд теңгеге жетті. Қазіргі уақытта оны 12 млрд теңгеге дейін қысқарттық. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар борышкерлермен тиісті жұмыстар жүргізуде. Қомақты қарыздар бірінші кезекте ірі жылу-энергетика кешені кәсіпорындарында қалыптасқан. Бұл біздің тұтынушыларымызға әсер ете қоймас. Ал ірі борышкерлерге айтарым – олар газдан ажыратылуы мүмкін. Себебі, кез-келген көрсетілген қызмет секілді табиғи газ үшін де уақытылы есептесіп отыру керек», - деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры.