You are currently viewing Қауіпсіздік бәрінен маңызды!

Қауіпсіздік бәрінен маңызды!

Өткен мереке күндері «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өңірлердегі апаттық-диспетчерлік қызметі ықтимал ақауларды болдырмау үшін кез-келген жедел шақыруға дайын тұратындай режимде жұмыс істеді. Мұндай күндері жедел шақырулардың көбейетіні ескеріліп, қосымша авариялық бригадалар құрылды.

Осыған дейін орын алған қайғылы жағдайларды сараптай келе, бұндай оқыс оқиғалар, негізінен, газ тұтыну жабдықтарын пайдалану кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан болады, – дейді газ мамандары. Көбіне, зардап шеккендер жылыту құралдарын пайдалануға немқұрайлы қарайды, газ жабдықтарын өз бетінше қосады немесе орнын ауыстырады, қолдан жасалған газ жабдықтарын пайдаланады, тамақ дайындауға арналған газ плитасын үйді жылытуға пайдаланады, техникалық қызмет көрсетуді уақытымен атқармайды, мұржаның түтін тартуын тексермейді.

Бөлмені желдетіп отырудың орнына, желдету арналарын жауып тастау, кірпіш тығыздығы мен сылақтың тұтастығына назар аудармай, газ аспаптарын пайдалану –  газ түтінінің сыртқа шықпай, үй ішіне жиналуына себеп болады!

Сондықтан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары тұтынушыларды газ құрылғыларын пайдалану кезінде аса сақ болуға шақырады.

Үйдегі түтін мұржалары мен желдету арналарын уақтылы тексеру және тазарту, газдан ажырату автоматикасы бар дабыл қаққыштарды орнату қауіпсіздік кепілі болып табылады. Бұл қарапайым ережелер табиғи газды пайдалану кезінде жазатайым оқиғаларды болдырмауға көмектеседі.

Осыны естен шығармаңыз!