You are currently viewing Оңтүстік өңірлерде болған жер сілкінісінен кейін газдың ауаға тарауын тоқтату шаралары

Оңтүстік өңірлерде болған жер сілкінісінен кейін газдың ауаға тарауын тоқтату шаралары

Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі жер сілкінісінің салдарынан газ құбырларында орын алуы мүмкін ақауларды жедел анықтауға және дер кезінде қалпына келтіру жұмыстарын бастау үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарында «ДЛС-Пергам» жылжымалы мобильді зертханаларын іске қосты.

Жылжымалы зертхананың көмегімен аталған өңірлерде 29 қаңтар мен 12 ақпан аралығында тексерілген жерасты газ құбырларынан 34 ақау табылды, салдарынан ауаға тарап жатқан газды тоқтату жұмыстары демалыс күндері де тәулік бойы тоқтаусыз жүргізілді.

“ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ және басқа да коммуналдық қызметтер мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында газ құбырларындағы барлық қауіптің алды алынып, төтенше жағдайға жол берілмеді. Өйткені, ақау салдарынан газдың ауаға тараған әрбір оқиғасы, егер уақытында анықталмаса, жарылысқа әкелетін қауіп болып есептеледі!

Мысалға, өткен 7 ақпан күні Алматы қаласында “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ мамандары “Пергам” жылжымалы зертханасының көмегімен Медеу ауданында жерасты газ құбырынан газдың ауаға тарап жатқанын анықтады. Бірден газды тек тамақ дайындауға пайдаланатын 130 көпқабатты үйдің пәтерлері мен “Мұзтау” шағын ауданындағы 173 жер үй газдан уақытша ажыратылды.

Осыған ұқсас оқиға 11 ақпан күні Шымкентте тіркелді. «Пергам» көмегімен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары Шымкент қаласының Қазығұрт шағын ауданында жерасты газ құбырынан ақау тауып, нәтижесінде 1 100 тұтынушыға, 2 өндірістік кәсіпорын мен 2 коммуналдық-тұрмыстық нысанға газ беру уақытша тоқтатылды.

Мұндай жағдайда тұтынушыларды газдан бірден ажыратып тастау – орын алуы мүмкін төтенше жағдайларды болдырмау үшін жасалады, өйткені газдың ауаға тарауы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Ақау шыққан аумақтағы тұтынушыларды газдан ажыратпаса, жерасты құбырының тесілген, ажыраған жерінен шыққан газ, жер қыртысының саңылауын қуалап, жер астындағы кәріз бен су құбырларының бойымен үйдің ішіне көтеріліп, жуынатын бөлмелерде жиналуы мүмкін. Бөлмеге жиналған газға кез-келген ұшқын қауіпті, бөлмеге кірген адам шам жағып немесе ток көзін пайдаланытын болса, бірден жарылыс болып, адам шығыны орын алады.

 Сондықтан тепловизорлар мен метан детекторларының көмегімен жоғары және орташа қысымды жерасты және жер үсті газ құбырларын тексеру жұмыстары тоқтаусыз жалғасатын болады.

Осы орайда компания мамандары табиғи газ тұтынушыларын газ жабдықтарын пайдалану кезінде аса сақ және мұқият болуға шақырады.

Газдың иісі шыққан кезде барлық газ шүмектерін жабыңыз, бөлмелерді желдетіңіз, от жақпаңыз, электр құрылғыларын қоспаңыз да өшірмеңіз, апаттық бригада тобына 104 нөмірі арқылы бірден қоңырау шалыңыз!

Абай болыңыз, аман болыңыз!