You are currently viewing Шиелі ауданында екі ауыл газға қосылды

Шиелі ауданында екі ауыл газға қосылды

«QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда облысындағы Шиелі ауданының Ақтоған және Алмалы ауылдарын табиғи газға қосты.

Қазіргі таңда Шиелі ауданының 23 елді мекенінде 85 мыңнан астам адам тұрады. Осы күнге дейін  Шиелі ауданында табиғи газға 11 084 абонент  қосылған, соның ішінде 10 110 жеке сектор, 685 пәтер, 27 өндірістік мекеме және 262 коммуналдық- тұрмыстық мекеме «көгілдір отынды» тұтынып отыр. Енді Ақтоған ауылының 1 165 және Алмалы ауылының 2 105 тұрғыны табиғи газға қосылуға мүмкіндік алды.

Елді мекендерді «көгілдір отынға» қосу рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы  директорының орынбасары Олжас Исмалаев және облыстағы газ мамандары, елді мекендердің ардагерлері мен өзге де тұрғындары қатысты.

– Бүгінде облыстың барлық аудандарына газ келді. Қызылорда облысының  75% халқы газбен қамтамасыз етілген. Табиғи газдың өзге отын түрлеріне қарағанда артықшылығы көп, адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігін айтарлықтай жеңілдететіні рас. Дегенмен, тұтынатын табиғи газымыз адамдардың өміріне қауіп төндірмес үшін, оны тұрмыста пайдалану талаптарын қатаң сақтау қажет. Бұл сіз бен жақындарыңыздың денсаулығы мен өмірі үшін маңызды жайт, – деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ КӨФ директорының орынбасары Олжас Исмалаев.

Алғашқылардың бірі болып үйін табиғи газға қосқан Ақтоған ауылының тұрғыны Бауыржан Сариев газ мамандарына деген алғысын айтты.

– Көгілдір отынға ең бірінші болып біз қосылдық. Қыстың көзі қырауда отын тасып, пеш жағу қиын.  Сондықтан, халық игілігі үшін газ қосқан жандарға ризашылығымызды білдіреміз, – деді Б.Сариев.