You are currently viewing Батыс Қазақстан облысы: газ мамандары су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуде

Батыс Қазақстан облысы: газ мамандары су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуде

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданы тұрғындарына газ қайта берілді.  Өңірдегі су тасқыны салдарынан Подстепное ауылының тұрғындары эвакуациялық пунктерге көшіріліп, босаған үйлер көгілдір отыннан ажыратылған болатын. Енді ауыл жұрты үйлеріне оралуда. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қызметкерлерінің табиғи апатқа қарсы белсенді әрі шұғыл іс-шаралары нәтижесінде қазіргі кезде газбен жабдықтау ісі толықтай қалпына келтірілді.

Теректі ауданын газбен қамтамасыз ету шаруашылығын басқарушы Еран Жұбатхановтың айтуынша, елдімекендегі зақым келген газ құбырын газ мамандары жедел түрде қалпына келтірген.

– Бұл – менің жұмысым. Тіпті су басқан өз үйім туралы ойлануға да мұрша болмады. Зақымдалған құбырды жөндеуге “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ филиалының барлық қызметкерлері жұмылдырылды, облыс орталығынан әріптестер де көмекке келді. Соның нәтижесінде қазір барлық үйге газ  берілді, – деп атап өтті Е.Жұбатханов.

Подстепное ауылының тұрғыны Жазима Халыкова су тасқыны кезіндегі көмектері үшін газ мамандарына алғысын білдірді. «Сондай қиын сәтте шұғыл қимылдап, әр үйді аралап, тексеріп, жөндеу жұмыстарын жүргізген еңбектеріңізге рахмет айтамын. Міне, газ да келді, қазандықты да қосамыз» дейді қуанып.

Өңірді су басқалы “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ-ның барлық қызметкерлері тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеуде. Олар барлық газ жабдықтарының жұмысын жіті қадағалып отыр. Бұл көгілдір отынды үздіксіз әрі қауіпсіз жеткізуге мүмкіндік береді.

– «Біздің мамандар су тасқынының алдын алу үшін қорғаныс жұмыстарын  жүргізді. Бөгеттер қойылып, газ тарату пунктерінің айналасына қажетті қорғандар орнатылды. Төтенше жағдай жарияланған өңірлердегі су тасқынына қарамастан тұрғындар тұрақты түрде газбен қамтылуда» – деп мәлімдеді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Бас директоры Бауыржан Асқаров.

Сонымен қатар, бүгінде «QazaqGaz» ҰК» АҚ компаниялар тобымен су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін еріктілер командалары құрылған. Олар өз қаражаттары есебінен азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттар алып, эвакуациялық пунктерге жеткізіп беруде.