You are currently viewing “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ: Атырау облысындағы су тасқынына қарсы шаралар

“ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ: Атырау облысындағы су тасқынына қарсы шаралар

Елімізде су тасқыны салдарын жою жалғасуда. “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ қызметкерлері де газ объектілеріндегі авариялық жағдайлардың алдын алу шараларын атқарумен қатар, зардап шеккендерге көмек көрсетумен де айналысып жатыр.

Бүгінгі таңда су тасқыны бойынша жағдайы қиындап тұрған өңірлердің бірі – Атырау облысы.

“ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ Атырау өндірістік филиалының қызметкерлері апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарды тоқтаусыз жүргізіп жатыр. Филиал қызметкерлері газ жабдықтарының айналасына суға қарсы бөгет орнатуда, бұл төтенше жағдай кезінде де тұтынушыларды газбен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Атырау облысының аумағында Жайық өзенінің суы көтерілгеніне және су тасқынының қайтара орын алу қаупіне байланысты “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров облыс аумағында орналасқан газ құрылыстарын су тасқынынан қорғау шараларын тексеру үшін Атырау облысына жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында Ақжар ауылындағы, сондай-ақ Махамбет ауданындағы газ құрылыстарын аралаған Бас директор, су басу қаупі бар  аймақтарды газбен қамтамасыз ету схемаларымен танысты, су тасқынына қарсы қабылданған шаралар мен газ құбырларын қорғау жұмыстарын көріп, өзі де су тасқынына қарсы жұмыстарға атсалысты.

Сондай-ақ, Бауыржан Асқаров филиал қызметкерлерімен кеңес өткізіп, су тасқынына қатысты жағдайларды ескере отырып, апаттық-диспетчерлік қызметті керек заттармен қамтамасыз етудің маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.

Жалпы, Атырау облысына көмек қолын созған газ мамандары әр аймақта бар. Мәселен, Маңғыстау өндірістік филиалы алғашқылардың бірі болып көршілес Атырау облысының, атап айтқанда, су астында қалған Құлсары қаласының тұрғындарына көмектесті. Филиалдың еріктілер тобы бастамашы болып, су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек сатып алуға қаражат жинау туралы үндеу жариялады. Нәтижесінде, жиналған қаржыға алынған  200 адамға арналған төсек-орын жиынтықтары (матрац, жастық, көрпе, төсек-орын жабдықтары), азық-түлік, дәрі-дәрмек және күнделікті тіршілікке қажетті басқа да заттар тиелген 4 жүк машинасы Құлсары қаласына жіберілді. Сондай-ақ, гуманитарлық көмекпен Ақтау қаласы мен Бейнеу ауылына эвакуацияланған Атырау облысының тұрғындары да қамтылды.

Ал Жамбыл өндірістік филиалы су тасқынына қарсы күресте бөгеттерді нығайту үшін қажетті материал – құм салатын 115 500 дана қапты Атырау облысына жөнелтті.

Бұдан басқа, “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ өндірістік филиалдары зардап шеккен аудандарға су тасқынына қарсы жұмыстарды атқаруға қажетті техника жіберуде.