You are currently viewing Цифрлық газдандыру

Цифрлық газдандыру

Осыған дейін тұрғын үй мен объектілерді газдандыру азаматтардың біраз уақытын алып, машақаты көп күрделі процедуралардан өтуді талап ететін. Техникалық шарттарға өтінім беру мен мердігерлерді іздеудің ыңғайлы жолы болмады. Сонымен қатар, газдандыру туралы ақпараттың шектеулі болуы газға ауысу туралы шешім қабылдауды да қиындататын.

Мәселенің шешімі – цифрландыруға көшу болды. Бүгінгі таңда цифрландыру газ саласындағы оң үрдіс қана емес, сонымен қатар халыққа табиғи газды қосу рәсімдерін оңайлату тәсілі.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін цифрлық технологияларды енгізуді жалғастыруда.

Осыған байланысты 2023 жылдың қазан айынан бастап «QazaqGaz» ҰК» АҚ еншілес компаниясы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-да газдандыру үшін техникалық шарттарды (ТШ) беру процестері жетілдірілді және автоматтандырылды. Техникалық шарттарды алу – тұрғын үйді газдандырудың алғашқы қадамы болып табылады.

Бұдан былай тұрғындар өз үйлерінен шықпай-ақ электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, eGov.kz порталы арқылы  газдандыру үшін техникалық шарттарды алуға өтінім бере алады.

Ол үшін азаматтар бар болғаны бірнеше қарапайым әрекеттерді жасау керек:

  1. eGov.kz порталында жеке тіркеуден өту;
  2. Байланыс телефонын және электронды почтаны көрсету;
  3. Тұрғылықты мекенжайды таңдау;
  4. Газдандыру объектісінің мекенжайын таңдау;
  5. Техпаспорттың скан көшірмесін қоса тіркеу;
  6. Газдандыру объектісі бойынша деректерді көрсету;
  7. ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қою;
  8. Техникалық шарттардың берілетіні немесе берілмейтіні туралы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жауабын күту.

Техникалық шарттарды қарау және беру процесіне техникалық күрделі емес объектілер үшін 5 жұмыс күні және техникалық күрделі объектілер үшін 10 жұмыс күні кетеді.

«Цифрландыру инновацияларын енгізу арқылы газдандыру процестерін қарапайым әрі қолжетімді етуге тырысамыз. eGov.kz порталында жаңа қызметті енгізу – бұл бағыттағы тағы бір қадам. Мұндай жаңашылдық біздің тұтынушыларымыз үшін тиімді болатыны айқын», – деп атап өтті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Сәлім Нағым.

2023 жылдың қазан айынан бастап eGov.kz порталы арқылы техникалық шарттарды алуға 1000-нан астам өтінім берілгенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тұтынушыларды ақпараттандыру және газбен жабдықтау мәселелері бойынша өтініштерді жедел өңдеу мақсатында 5169 нөмірі, сондай-ақ WhatsApp – 8-777-121-26-26 нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс орталығы және жедел желі жұмыс істейді.

«5169 нөмірлі Бірыңғай байланыс орталығы мен сенім телефоны – абоненттің біздің компаниямен тиімді қарым-қатынас жасауының маңызды құралы. Бұл тұтынушылардың өтінімдерін тезірек өңдеуге, сұрақтарға жедел жауап беруге мүмкіндік береді. Ай сайын бірыңғай байланыс орталығына тұтынушылардан 3,5 мыңнан астам өтінім-сұрақ түседі. Олардың көп бөлігі тұрғын үйлерді газдандыруға қатысты», – деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Техникалық директоры Уәлихан Қымбатов.

Абонент үшін жасалған тағы бір ыңғайлылық – тұтынған табиғи газ үшін төлемді өзіне қолайлы түрде жүргізу. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ және екінші деңгейдегі банктердің уағдаластықтарының арқасында абонент табиғи газды тұтыну қызметі үшін барлық қолжетімді тәсілдермен: пластикалық және виртуалды картамен, өндірістік филиалдардың кассаларында, банктердің терминалдары мен мобильдік қосымшаларының көмегімен төлеуге мүмкіндік алды. Банктердің қосымшалары арқылы төлем жасау туралы толық нұсқаулық компания филиалдарының Facebook және Instagram аккаунттарында жарияланған.

Сондай-ақ, 2023 жылдың қаңтарынан бері «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ газ маркетплейсін іске қосты, бұл тұрғын үйді газдандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыратын лицензияланған компанияларды іздеуді жеңілдетті. Сондай-ақ, пайдаланушылардың портал арқылы бірден бірнеше компаниядан баға ұсыныстарын сұратуға және үй ішіндегі газ жабдықтарын (ҮІГЖ) сату туралы ақпарат алуға мүмкіндігі бар.

Енді компания қызметтерін одан әрі цифрландыру үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мобильді қосымшасын жасау жоспарланған.