You are currently viewing «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда облысында тағы екі елді мекенді табиғи газға қосты

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда облысында тағы екі елді мекенді табиғи газға қосты

«QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда облысындағы Шиелі ауданының Бестам және Телікөл елді мекендерін табиғи газға қосты.

Қазіргі таңда Шиелі ауданында 23 елді мекенінде 85 мыңнан астам адам тұрады. Осы күнге дейін  Шиелі ауданында табиғи газға 10 948 абонент  қосылған, соның ішінде 9978 жеке сектор, 681 пәтер, 27 өндірістік мекеме және 262 коммуналдық- тұрмыстық мекеме «көгілдір отынды» тұтынып отыр.

Енді Бестам елді мекенінің 2 056 және Телікөл елді мекенінің 1 550 тұрғындарына табиғи газға қол жеткізу мүмкіндігі берілді.

Елдімекендерді «көгілдір отынға» қосу рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Жайық Әлішев, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының мамандары, сондай-ақ елді мекендердің ардагерлері мен тұрғындары қатысты.

 «Қазіргі таңда Шиелі ауданындағы 9 елді мекеннің халқы «көгілдір отынның» игілігін көруде. Енді бүгін Бестам және Телікөл ауылдарының тұрғындары да газға қосылуға мүмкіндік алды. Табиғи газ – адам үшін үлкен игілік. Алайда, табиғи газ өзіне мұқият және жауапты қарауды талап етеді. Газ қайғылы жағдайларға соқтырмас үшін тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану ережелерін қатаң сақтау қажет» – деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Жайық Әлішев. 

Шиелі ауданындағы тағы 2 елді мекенге газ берілуі – ауданның дамуына бағытталған маңызды қадам болып табылады. Табиғи газға қосылу ауданның экологиялық тазалығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ ауыл тұрғындарын жылыту маусымында көмір тасып, күл шығару машақатынан құтқарады.

Алғашқылардың бірі болып үйін табиғи газға қосқан Бестам ауылының тұрғыны Ыбырай Әбділданың газ мамандарына деген тілегі алғысқа толы.

– Бәрін жылдам қосып берді, үйіміз жылы, жайлылықты бірден сезініп жатырмыз! – дейді Ы. Әбділда – Газ қызметкерлерінің жұмысына ризамыз. Газ деген ыңғайлы екен, ағаш жарып, көмір тасудың қажеті жоқ. Тек түймені басып, қажет температураны орнатасыз, болды!