You are currently viewing Жер сілкінісі: «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары бақылауды күшейтті

Жер сілкінісі: «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары бақылауды күшейтті

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ еліміздің оңтүстік аймақтарында болған жер сілкінісі салдарын ерекше бақылауда ұстап отыр.

Алматы, Талдықорған, Шымкент қалаларын, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарын қамтыған жер сілкінісі салдарынан газ құбырларының қосылған жерлерінің ажырауы, газдың ауаға таралуы сияқты оқиғаларды болдырмау үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары жер дүмпуі орын алған сәттен бастап газ құбырлары мен газ жабдықтарын мұқият тексеруде.

Газдың ауаға тарауын дер кезінде анықтау үшін және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары «Интергаз Орталық Азия» АҚ әріптестерімен бірлесіп, газдың ауаға таралуын жедел анықтайтын «ДЛС-Пергам» мобильдік зертханасын жоғарыда аталған өңірлерде пайдалануда.

Осындай шұғыл қимылдардың арқасында Алматыда «ДЛС-Пергам» мобильді зертханасы төмен және орташа қысымды жерасты газ құбырларынан газдың аз мөлшерде ауаға таралып жатқанын анықтады. Газ құбырындағы бұл ақаулар шұғыл қалпына келтірілді, абоненттерге газ беру тоқтаған жоқ.

«ДЛС-Пергам» мобильді зертханасымен Шымкент, Талдықорған қалаларындағы және Түркістан, Жамбыл облыстарындағы елдімекендердегі газ құбырлары да тексерілетін болады.

Ауаға газ тарағаны анықталған жағдайда ақаулы орынды жөндеу үшін сол аумақтағы газ тұтынушылары уақытша «көгілдір отыннан» ажыратылуы мүмкін. Ондай кезде тұтынушыларға (елді мекен, шағын аудан, көше, үй) әлеуметтік желілер мен WhatsApp арқылы газды ажырату мүмкіндігі туралы ақпарат беріледі. Қазіргі уақытта мұндай қажеттілік жоқ, өйткені газдан ажыратылған абоненттер тіркелмеді, сондай-ақ өткен жер сілкінісінің салдарымен байланысты газды өшіру жағдайлары болған жоқ.