You are currently viewing Жылыту маусымына дайындық сәтті өтуде

Жылыту маусымына дайындық сәтті өтуде

Елімізде наурыз айында басталған күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық аяқталуға жақын. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басшылығы осы қыста қазақстандықтардың үздіксіз және толық көлемде «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілетініне көз жеткізу үшін ел өңірлерін тексеріп шықты.

Жаз бойы «QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары «Интергаз Орталық Азия» АҚ-мен, өңірлердегі коммуналдық қызмет және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармаларымен, ірі кәсіпорындармен өзара іс-қимыл жасай отырып, 2023-2024ж. жылу беру кезеңіне дайындық бойынша ауқымды жұмыстар жүргізді. Еліміздің барлық аймақтарында газ тарату желілері тексеріліп, қажет жерлерде жөндеу жүргізілді, жабдықтар ауыстырылды, жаңа газ құбырлары салынды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры Бауыржан Асқаровтың айтуынша, қазіргі уақытта отандық газ тарату желілері алдағы жылыту маусымына 87% – ға дайын, күзгі-қысқы кезеңнің басында 100% – ға дайын болады.

– Біз үшін алдағы жылыту кезеңіне сапалы дайындалу – басты ұстаным, – деп атап өтті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры Бауыржан Асқаров.

Былтырға жылыту маусымы аяқталған соң, наурыз айынан басталған дайындық жұмыстары үнемі «QazaqGaz» ҰК» АҚ басшылығының бақылауында болды. Елордада дайындық кестеден озып жүргізілді. Қазіргі күні Астанадағы газ инфрақұрылымы күзгі-қысқы кезеңге 100%-ға дайын.

Еліміздің батысында – Атырау және Маңғыстау облыстарындағы газ шаруашылықтарының жылыту маусымына дайындығы 1 қыркүйекке дейін толық аяқталады. Дайындық жұмыстарының аясында биыл пайдалануға берілген Құрық кентін Сарша елді мекенімен және Ақтау қаласының маңындағы «Жылы жағажай» курорттық аймағымен байланыстыратын жоғары қысымды жерасты газ құбырына тексеру жүргізілді.

Еліміздің оңтүстігінде де газ мамандарының дайындығы да кестеге сай жүруде. Жылыту маусымы басталғанша Шымкенттегі газ құрылымының дайындық жұмыстары толық аяқталатын болады.

Қазіргі таңда «ҚазТрансГаз Аймақ» мамандары Шымкент қаласы бойынша 105 шақырым газ құбырларын тексеріп, 419 газ тарату пункті мен 115 мың шкафты тарату пунктіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ал Түркістан облысындағы Бәйтерек және Жамбыл-2 ауылдары «көгілдір отынға» қосылды. Бұл елдімекендерге газ құбырын тарту 2021 жылы басталған еді. Енді 544 үй табиғи газды үздіксіз алу мүмкіндігіне ие болды.

Алматы қаласында «ҚазТрансГаз Аймақ» мамандарының деректері бойынша мегаполистің алдағы қысқа дайындығын 80%-ға бағалауға болады. Инвестициялық бағдарлама шеңберінде жалпы ұзындығы 30 шақырымнан асатын жаңа газ құбырлары қайта жаңартылып, салынатын болады. Осылайша, оңтүстік астананың Алатау ауданындағы газ желілері айтарлықтай кеңейеді.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры Бауыржан Асқаров өзінің оңтүстік астанаға жұмыс сапары барысында Алматыдағы жоспарларымен бөлісті.

– Халқы тығыз орналасқан Алматы қаласы қазіргі таңда шамамен 99,2%-ға газдандырылды. Ағымдағы жылы «QazaqGaz» ұлттық компаниясының тапсырмасы бойынша Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен біз «Мәдениет» шағын ауданына газ тарату желілерін саламыз. Бұл шағын ауданның тұрғындары осы жылдың аяғына дейін табиғи газға қосыла бастайды.

Әрине, табиғи газ көмір жағып, күл шығару машақатынан құтқарады. Бірақ жайлы өмір ұсынатын газды тұтынуда қауыпсіздік ережелерін мұқият сақтау керек. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары тұтынушыларды газ құрылғыларын пайдалану кезінде аса сақ болуға шақырады. Үйдегі түтін мұржалары мен желдету арналарын уақтылы тексеру және тазарту, газдан ажырату автоматикасы бар дабыл қаққыштарды орнату қауіпсіздік кепілі болып табылады. Бұл қарапайым ережелер табиғи газды пайдалану кезінде жазатайым оқиғаларды болдырмауға көмектеседі.

Сондай-ақ, жылыту маусымының басталуы қарсаңында «ҚазТрансГаз Аймақ» мамандары қазақстандықтарды газды ұқыпты тұтынуға шақырады. Терезелер мен есіктер саңылауы арқылы жылудың сыртқа кетуіне жол бермеу үшін қасбетті, шатырды, еденді сапалы жылылау қажет, энергия үнемдейтін шыны терезелер орнату керек. Жылыту қазандығын дұрыс таңдау да газ шығынын болдырмауға көмектеседі.