You are currently viewing Қызылорда облысында тағы 5 елді мекен газға қосылды

Қызылорда облысында тағы 5 елді мекен газға қосылды

«QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының Шалқия, Құттықожа, Жайылма, сондай-ақ Шиелі ауданының Еңбекші, Жиделіарық елді мекендерін табиғи газға қосты.

«Көгілдір отынға» қосу рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Жайық Әлішев, «Интергаз Орталық Азия» АҚ мамандары, сондай-ақ елді мекендердің тұрғындары қатысты.

Қазіргі таңда Шиелі ауданында 23 елді мекенде 85 000-нан астам адам, ал Жаңақорған ауданында 35 елді мекенде 84 000-ға жуық адам тұрады. Осы күнге дейін  Шиелі ауданында табиғи газға 10 405 абонент, Жаңақорған ауданында 6 694 абонент қосылған.

Енді Шиелі және Жаңақорған аудандарының тағы 1 286 үйінің (7 619 тұрғыны) тұрғындарына табиғи газға қол жеткізу мүмкіндігі беріліп отыр.

– Табиғи газдың өзге отын түрлеріне қарағанда артықшылығы көп. Көгілдір отын – адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігін айтарлықтай жеңілдететіні рас. Дегенмен, тұтынатын табиғи газымыз адамдардың өміріне қауіп төндірмес үшін, оны тұрмыста пайдалану талаптарын қатаң сақтау қажет. Бұл сіз бен жақындарыңыздың денсаулығы мен өмірі үшін маңызды жайт, – деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ КӨФ директоры Жайық Әлішев.

Сондай-ақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары қазақстандықтарды газды үнемді тұтынуға шақырады. Себебі тіпті заманауи газ қазандығы болса да, үйдің есік-терезесінде саңылау болса, жылуыңыз далаға кетеді. Терезе мен есік саңылауы арқылы жылудың шығуына жол бермеу үшін қасбетті, шатырды, еденді сапалы жылылау, энергия үнемдейтін терезе шыныларын қою керек. Сонда жылыту жүйесін өзгертпей-ақ газды тұтынуды үнемдеуге болады. Газ шығынын жоюға қазандық жабдығын дұрыс таңдау да көмектеседі.