You are currently viewing Неліктен «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңының баптары еленбейді?

Неліктен «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңының баптары еленбейді?

Биылғы 30 сәуір күні ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ресми сайтында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тұтынушыларына негізсіз есептелген 1,2 млрд теңге қайтарылады» деген баспасөз релизі жарияланды, онда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалдарының іс-әрекеттерінде реттеліп көрсетілетін қызметке жатпайтын қосымша талаптарды белгілеу бойынша кесу, пломбалау және газды бастапқы іске қосу қызметтері үшін тұтынушылардан ақы алу сияқты бірқатар бұзушылықтар анықталды,-делінген.

Іс жүзінде, тұрғындарды газға қосу қызметі үшін заңсыз ақша өндіру фактілері орын алмаған, себебі «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабының 2-тармағына сәйкес қосылуды тек газ тарату ұйымы, яғни «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ орындауы тиіс және ол қосылу ақысы қосылатын абоненттер есебінен жүзеге асырылады.

Осы мәселенің талқыланғанына қарамастан, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ атына тұрғындар тарапынан ойып қосу және газды іске қосу мәселесі бойынша шағымдар мен өтініштер түскен жоқ. Әлеуметтік бағдары бар компания ретінде, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ 2022 жылдан бастап пломбалау бойынша қызметтерді тегін көрсетеді.

Сонымен бірге, тұтынушы да, тұтынушылардың өкілі де болып табылмайтын «Бірлік газ» ЗТБ «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабы 2-тармағының талаптарын елемей, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына шағым жазды, оның қорытындысы бойынша талап шығарылды, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің жергілікті департаменттері соның негізінде қосылу қызметтері үшін ақшалай қаражатты қайтару туралы ұйғарым шығарды.

Қазіргі уақытта аталған ұйғарымдарға сотта шағым жасалуда.

«Қазақстан Республикасы сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 1-бабы бірінші бөлігінің бесінші абзацына сәйкес  сот iсiн қарау тәртiбiмен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды.

Өз кезегінде, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің, сондай-ақ оның жергілікті бөлімшелерінің газбен жабдықтауға қосылу қызметтері үшін ақша алуға тыйым салуға қатысты ұйғарымдары бойынша қарама-қайшы сот тәжірибесі бар: Жоғарғы Соттың «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ пайдасына 3 қаулысы, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға қарсы 2 қаулысы бар.

Табиғи монополиялардың  басқа субъектілері (электр, жылу, сумен жабдықтау) де тұтынушыларды қосу үшін ақы алатынын атап өткен жөн, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің талдауына сәйкес, 2016 жылдан бастап басқа табиғи монополиялар субъектілерінде реттелмейтін қызметтер құнының өсуі 200% – ға дейін жетеді.

Бұл ретте, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ газға қосылу бойынша орта есеппен 20-24 мың теңге мөлшеріндегі қызметтерінің құны 2016 жылдан бастап өзгерген жоқ, алайда уәкілетті орган Қоғамның 19 млрд.теңге жыл сайынғы нақты шығыстарын тауарлық газды тасымалдау тарифіне қоспайды, ал газға қосылу бойынша өзге қызметтен түсетін табыс тұтынушыларды газға қосу бойынша жұмыстарды сапалы және қауіпсіз жүргізу үшін өте қажетті болып табылады.