«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жарты жылдың қорытындысын шығарды

29.08.2019

«ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Бас директоры Манас Тасыбаев Компанияның өткен жартыжылдық жұмысының нәтижесі туралы еңбек ұжымы алдындағы есеп беру кездесуін өткізді. Манас Тасыбаев атап өткендей, «ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Қазақстанның 10 облысы, Алматы және Шымкент қалаларындағы 9 млн-нан астам тұрғын (бұл 1,8 млн абонент) мен 44 мыңнан астам кәсіпорынды көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. Тауарлы газ ішкі нарыққа 49 мың км асатын газ құбырлары жүйесі арқылы жеткізіледі.

Бүгінгі таңда «ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ еліміздің 9 облысында елді-мекендерді газдандыру және қолданыстағы газ тарату желілерін жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда. Осы жобалардың аясында 2015-2020 жылдар аралығында 7 мың км астам газ құбырын салу жоспарланып отыр. 

Есептік мерзім аралығында 390 км газ құбырлары салынды, 4850 шкафтық, блоктық және жеке газ тарату пункттері орнатылды.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың арқасында тұрғын үй құрылысы, ТҮКШ саласындағы инфрақұрылымдарды қаржыландыру, жол құрылысы, шағын және орта бизнесті қаржыландыру жаңа серпін алды. Газдандыру қалалар мен шалғайдағы ауылдардың дамуына, өндірістік және әлеуметтік саланың одан әрі дамуына, көші-қонға оң әсер берді.

Кездесу барысында Манас Тасыбаев, 2019 жылдан бастап Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясының шешімімен Байқоңыр кешенін газдандыру үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы газбен жабдықтаушы мекеме ретінде бекітілгенін атап өтті. Шілде айында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Байқоңыр қаласындағы 60 көпқабатты үйді табиғи газға қосты. Болашақта көгілдір отын 323 үйге беріледі. Бекітілген кестеге сай, биыл жыл соңына дейін 20 427 пәтер сұйық газдан табиғи газға ауыстырылады. 

Осылайша, өткен жарты жыл қорытындысына сай, абоненттердің жалпы саны 1 823 839-ға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5% көп.

2019 жылдың 1 жартысында жеткізілген газ көлемі 6,6 млрд. м3 құрады, тасымалданған газ көлемі 6,4 млрд. м3.

Есеп беру баяндамасында Бас директор әлеуметтік бағдарламалар, сондай-ақ қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелерін де атап өтті. Ұжымдық шартқа сай, әлеуметтік кепілдіктер, медициналық сақтандыру, еңбекті қорғау және денсаулық, біліктілікті арттыру бағытында өткен жартыжылдықта алға қойылған міндеттер мен мақсаттар толығымен орындалды.

Компанияның басты міндеті – тұтынушыларды газбен тұрақты, үздіксіз және қауіпсіз қамтамасыз ету болып табылады. Бұл міндетті де компания абыроймен атқарып келеді. 

Кездесу соңында Манас Тасыбаев қызметкерлердің сауалдарына жауап беріп, олармен компанияның әлеуметтік саладағы қызметін талқылады.