Газ мәселелері жан-жақты талқыланды

16.05.2018
«Атамекен» ҰКП орталық кеңсесінде «ҚазТрансГаз» АҚ өкілдері мен өңірлердегі кәсіпкерлер арасында бейнеконференция өтті. Кәсіпкерлер газ және газбен жабдықтау мәселелеріне қатысты сауалдарына жауап алды. 
Тараптар үшін пікірталас барынша пайдалы болу үшін кездесуге ҚР ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестік пен тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің мамандары да шақырылды. 
Шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпкерлердің басым бөлігін 100% алдын-ала төлемді талап ететін газды сатып алу мәселесі, тариф және оларды төмендету мүмкіндіктері қызықтырды. 
Бірінші мәселе бойынша газ саласының мамандары кәсіпкерлерге алдын-ала төлемнің себептерін, мұндай талапты қоюға мәжбүр екенін түсіндіруге тырысты. Ұлттық оператор тұтынушылар тапсырыс берген газ көлемін өндірушілерден сатып алады. Осы ретте атап өтетін маңызды мәселе – тұтынылған газ үшін Қазақстан бойынша 20 млрд теңге берешек қалыптасты. Ал егер алдын-ала төлем талабын алып тастайтын болса, жағдай тіпті ушығып кетері сөзсіз. 
Бұған қоса тапсырыс берілген газды толық пайдаланбайтын немесе керісінше, одан көп тұтынатын болса, газ құбырларында қысымның өзгеруіне байланысты технологиялық ақаулар туындайды. Газшылардың айтуынша, кәсіпкерлердің тапсырыс берілген газ көлеміне айына екі рет өзгеріс енгізуге мүмкіндігі бар. 
Кездесу барысында газ операторының өкілдері тұтыну көлеміне сай алдын-ала төлемнен бас тарту мүмкіндігін қарастыруға қарсы емес екендіктерін жеткізді. Бірінші кезекте бұл шара жеке кәсіпкерлерге қатысты болады. «Біз диалог жүргізуге әзірміз. Газды тұтыну көлеміне қарайық. Бұл ретте бизнес тарапынан әділ, нақты қадамдар жасалады деп үміттенеміз», - деді «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директорының орынбасары Ерқанат Темірханов.
«Егер экономикадағы ОШБ үлесін 50% жеткізуді қаласақ, Ұлттық оператордың да кәсіпкерлерге оң қабақ танытқанын қалаймыз. Кәсіпкерлік кодексі бойынша шағын бизнестің мәртебесі жеке тұлғалармен тең. Ал жеке тұлғалар тұтынылған газ көлеміне сай төлем жасайды. Иә, өңірлерде туындаған мәселе жеке-жеке шешімін табады: меморандумдар жасалады, келісім комиссиялары құрылады, сот арқылы дегендей. Алайда, бизнес жұмыс істеу керек, олай болмаған жағдайда бар уақыты соттасумен өтеді. Бұл ретте біз «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ымыраға келуіміз керек, - дейді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Қаржауов.   
Тағы бір өзекті тақырып – тұтынылмаған газ көлемі үшін салынатын айыппұл. Мысалға, кәсіпорын бір айда 80 текше метр газға тапсырыс берді делік, бірақ бар болғаны 60 текше метрін тұтынды. Тұтынылмай қалған көлемге монополист айыппұл салады. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Ғалым Айдосов Азаматтық кодекстің 9 бабының 4 тармағына сілтеме жасай келе, бұл норманың заңдылығын және мұндай талап не үшін қажет болғанын түсіндірді. «Газ қоймада сақталмайды, ол ортақ газ тасымалдау жүйесіне енгізіледі және тұтынушылар арасында бөлінеді. Сондықтан қажет болса газ жағамын, қажет болмаса жақпаймын деген жарамайды. Ол мүмкін емес. Егер біреу газды тым көп алып қойса, онда үлкен қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған коммуналдық компанияға көгілдір отын жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан да тұтынушылардың қажет көлемді ай сайын екі рет өзгертіп отыруға мүмкіндігі бар. Келесі ай басталғанша 10 күн бұрын және айдың ортасында, - деді Айдосов.
«Атамекен» кәсіпкерлерге қолайлы болу үшін газ көлемін өзгертіп отыруды «Сандық Қазақстан» бағдарламасы аясында электрондық форматқа ауыстыруды ұсынды. Соған сәйкес бизнесмендер үшін техникалық шарттарды алу да осындай форматқа ауыстырса деген ұсынысын жеткізді. 
Екінші сұрақ бойынша кәсіпкерлер тарифті құру принциптеріне қатысты толыққанды  түсініктеме алды.  Бұл мәселе толықтай Үкіметтің бақылауында. Бәсекелестікті қорғау комитеті өкілдерінің айтуынша, ішкі нарықтағы тауарлық газ бағасының 60-80% үлесін газ өндірушілерден сатып алатын баға құрайды. Қалғаны оны тазалау, кептіру, кен орнынан шыққан газды тауар күйіне жеткізу және тасымалдау бағасы. Еліміздің батысындағы кен орындарынан оңтүстік өңірлерге дейін жеткізгенше баға едәуір өседі. Бірақ отандық тұтынушыларға салмақ салмау үшін, ҚазТрансГаз шығынның бір бөлігін өз қаражатынан жабады. 
Бейнеконференцияда қаралған және тиянақты сараптауды қажет ететін сұрақтар хаттамаға енгізілді. Кәсіпкерлер палатасының өкілдері өзекті мәселелер талқыланатын және шешілетін осындай кездесулерді тұрақты өткізіп тұруға уәде берді.