«ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамында 2017 жылдың қорытындысы бойынша еңбек ұжымымен есеп беру кездесуі өтті

27.02.2018
«ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамында 2017 жылдың қорытындысы бойынша еңбек ұжымымен есеп беру кездесуі өтті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ еңбек ұжымының жиынында 2017 жылғы қаржы-шаруашылық қызметтің қорытындысы, компанияның табыстары және 2018 жылға белгіленген жоспар туралы бас директордың бірінші орынбасары Ғалым Айдосов айтып берді.  

Баяндамада 2017 жылдың өндірістік бағдарламасы толық орындалғаны аталып өтілді. Өткен жылы 23 943 тұрғын үй газдандырылды. Газ құбырларының ұзындығы алдыңғы жылмен салыстырғанда 19 314 метрге ұзарып, 487 409 метрді құрады.

2017 жылдың қазанында Қоғам бойынша персоналдың жұмылдырылу индексін анықтау мақсатында зерттеу жүргізілді. Бағалауды «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті» жекеменшік мекемесі жүргізді. Зерттеу қорытындысы бойынша аталған индекс 90 пайыздық оң көрсеткішке ие болды, мұндай нәтиже соңғы 4 жыл бойы өзгеріссіз байқалуда.

Ғалым Айдосов еліміздің мұнайгаз саласын дамытуға қосқан үлесі үшін 56 қызметкердің мемлекеттік марапатқа ие болғанын атап өтті.

Мұнымен қоса, өткен жылдың  өзге де маңызды оқиғалары кеңірек айтылды. 2017 жылдың 1 қарашасында Байқоңыр қаласының тұтынушыларына және Қазақстан Республикасына қарасты 6 әлеуметтік нысанға - 1 балабақша мен 5 мектепке, бірінші кезек жоспарына сай, табиғи газ беріле бастады. Өткен жылдың 19 қазанында Талдықорған қаласы газ тасымалдау желілерінің 1 кезегіне газ берілді. Бүгінгі күнге дейін Талдықорған қаласындағы 2 307 жеке үй мен көп қабатты үйлердегі 3 732 пәтер көгілдір отынға қосылу мүмкіндігіне ие болды.

2016 жылдың қарашасында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ “EFQM - 5 star” «Танылған кемелділік» деңгейінің кәсіби кемелділік моделіне сәйкестігін анықтау мақсатында сыртқы ассесмент өткізілді. 5 деңгейлі EFQM сертификатын табыстау рәсімі 2017 жылдың ақпанында өткізілді. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ BMW, BOSCH, Grandfos секілді кәсібилігімен аты шыққан әлемге әйгілі компаниялар бар еуропалық ұйымдар тізбесіне енгізілді. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қазақстандағы EFQM еуропалық сапасының 5-ші деңгейін алған тұңғыш өндірістік компания атанды.

Ғалым Айдосов «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының 2018 жылға белгілеген жоспарларымен де бөлісті. Инвестициялық жобалар аясында жылыту маусымы басталғанға дейін Тараз қаласының газ тасымалдау желілерін жаңғыртудың екінші кезеңін, Алматы қаласының газ тасымалдау желілерін жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарда бар. Сондай-ақ «Тобыл-Әулиекөл магистралдық газ құбырының құрылысы» мен Қостанай өндірістік филиалының өзге де жоспарлы жұмыстары жүргізіледі, Маңғыстау өндірістік филиалының газ тарату және магистралдық газ құбырлары бойындағы нысандары пайдалануға берілмек.

Ғ.А.Айдосов филиалдардың қызметін бағалау мәселесіне де тоқталып өтті. Бұл жұмыс 14 түрлі көрсеткіш бойынша төрт жылдан бері жүргізіліп келеді. Оның барысында дебиторлық қарыз, газдандыру, құрылыс нормалары мен ережелерінің сақталауы, апаттық жағдайлар және басқа да көрсеткіштер сараланады. Бағалаудың қорытындысы бойынша Ақтөбе өндірістік филиалы екінші жыл қатарынан жеңімпаз деп танылды.

Кездесу соңында Жамбыл, Батыс Қазақстан өндірістік филиалдарының басшылары кәсіпорындардың жетістіктеріне тоқталып, бүкіл компанияның жұмысына жоғары баға берді.

Кездесу қорытындысын жасай келе, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры Манас Тасыбаев жыл нәтижесі бойынша жеңімпаз атанған филиал қызметкерлерін құттықтап, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жұмысын оң бағалады. Сонымен қатар жіті назарда ұстайтын мәселелерге тоқталды. Олардың ішінде, әсіресе оңтүстік өңірлерде қауіпсіздік талаптарын сақтау және дебиторлық қарыз мәселесі. М.Тасыбаев биылға белгіленген жоспарлардың да толық орындалатынына сенім білдірді. Бас директор 2018 жыл – ерекше жыл екенін атап өтті. Себебі биыл Астананың 20 жылдық мерейтойы және  Елордамызды газдандыру жұмыстары қолға алынбақ.