"Интергаз Орталық Азия" компаниясы жастар слетін ұйымдастырды

12.07.2017
"Интергаз Орталық Азия" компаниясы жастар слетін ұйымдастырды











Астанада «Интергаз Орталық Азия» АҚ («ҚазТрансГаз» АҚ еншілес кәсіпорыны) жастарының «Компанияны дамытудағы жастардың рөлі» деген тақырыпта Бірінші слеті өтті. Іс-шараға «ҚазТрансГаз» АҚ қызмет ететін өңірлерден, оның ішінде «Атырау», «Ақтау», «Ақтөбе», «Орал», «Тараз», «Алматы», «Қостанай», «Қызылорда», «Шымкент» Магистральдық газ құбырлары басқармаларынан (бұдан әрі - МГҚБ) және «Инженерлік-техникалық орталық» мекемесінен 100-ден астам жас қызметкерлер келді.

Слеттің жас қатысушылары алдында сөз алған «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Мұқатай Шаңбатыров: «Жастарды компанияның қызметіне белсенді қатысуға тарту, олардың өндірістік міндеттерді шешудегі рөлі мен орнын айқындаудың маңызы зор. Жастар санасына компанияның құндылықтарын, корпоративтік мәдениет қағидаттарын сіңіру де басты назарда. Сонымен қатар жастарымыз, өз идеяларын өндіріске енгізу арқылы Қазақстанда қолға алынған «жасыл энергетика» саясатына үлес қосады деген ойдамын» - деп атап өтті.

Слет бағдарламасындағы ең басты шаралардың бірі – «ЭКСПО-2017» көрмесімен танысып, слеттің секциялық жұмыстарында өндірістік қызметтің мына бағыттары: компрессорлық станциялар, магистральдық газ құбырларының желілік бөліктері, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика, қуатпен, сумен жабдықтау, электрохимиялық қорғау, аймақтық газ шаруашылықтары және еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникалары бойынша инновациялық идеяларды талқылау.

Слет компанияны дамыту стратегиясы мен өндірістік қызметті жақсартуға бағытталған тың идеяларды талқылауға және компанияның экономикалық тиімділігін арттыруға, тәжірибе алмасуға арналған ашық дискуссиялық алаңға айналды. Компанияның жас мамандарымен 20 шақты жоба ұсынылып, олардың үздіктері пысықталып, практикалық қолданыс табатын болады.

Слет бағдарламасында тәжірибелі мамандармен, тәлімгерлермен, газ саласы ардагерлерімен кездесулер; шақыртылған сарапшылармен тренингтер және семинарлар бар.