Оралда «ҚазТрансГаз» АҚ мен «НұрОтан» партиясы газдандыру мәселесіне қатысты қоғамдық қабылдау өткізді

28.06.2017
Оралда «ҚазТрансГаз» АҚ мен «НұрОтан» партиясы газдандыру мәселесіне қатысты қоғамдық қабылдау өткізді











«ҚазТрансГаз» АҚ «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, өңірдегі газдандыру мәселелеріне қатысты қоғамдық қабылдауларын жалғастыруда. Газ саласы мамандары мен тұрғындардың кезекті басқосуы Орал қаласында өтті.

Бүгінде облыста 200 000-ға жуық тұрғын көгілдір отын тұтынып отыр. Бұл шамамен өңір халқының 93%-ы. Қазір Батыс Қазақстан облысында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ескірген жабдықтарды жаңалауға бағытталған инвестициялық жобаны жүзеге асыруда.

Тұтынушыларды қызықтырған мәселелер ауқымы көлемді.
Орал қаласының тұрғыны Айнагүл Оразғалиева тұрғын үйді қалай газдандыруға болады және оның құны қанша деген сауалын қойды. Газ саласы мамандарының айтуынша, құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны әрбір газдандырылатын нысан үшін әртүрлі және ол бірнеше жәйтқа байланысты болады. Мысалы, қолданыстағы газ жүйелерінен қашықтығы, орнатылатын газ жабдығының саны, өшіру құралдары, үй ішіндегі құбырдың ұзындығы және өзге де факторлар газға қосу жұмыстарының бағасына тікелей әсер етеді.

Асхат Борашев «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ атауымен үндес компаниялар туралы сұрақ қойды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «ОралГаз Аймақ» ЖШС, «БатысГаз Аймақ» ЖШС, «НацГаз Аймақ» ЖШС және «ПожГаз Аймақ» ЖШС секілді фирмаларға ешқандай қатысы жоқ,» - деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының директоры Әзімбек Асаров. – Олардың атауы шынымен де «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ атауымен ұқсас. Бұл жәйт тұтынушыларды кейде шатастыратыны анық. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ осы мекемелерге қатысты шара қолдану туралы мемлекеттік органдарға талай арызданды. Алайда, ешқайдай нәтиже жоқ. Мұржалар мен желдеткіш каналдарды тексеру қызметі лицензияландыруды қажет етпейтіндіктен, бұл компаниялар әділет органдарында тіркелумен шектеледі. Олардың қызметі бірде бір мемлекеттік органмен реттелмейді. Көп жағдайда мұндай фирмалардың қызметкерлерінің біліктілігі төмен және қажетті құрал-жабдықтары да жоқ. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Ал «ҚазТрансГаз» АҚ қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қояды. Себебі газ жүйесіндегі кез-келген ақау үлкен қасіретке әкеп соғуы мүмкін. Тек өткен жылы газ жабдықтарының дұрыс істемеуінен елімізде 85 адам зардап шекті».
Жиналған халық пен кәсіпкерлер көкейінде жүрген барлық сауалдарына жауап алды.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Батыс Қазқстан өндірістік филиалы мен «Газ саласы ардагерлерінің республикалық кеңесі» Қоғамдық бірлестігінің өкілдері кездесуде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын да талқылады.
Ұйымдастырылған шаралар барысында «Газ саласы ардагерлерінің республикалық кеңесі» ҚБ өкілдері «ҚазТрансГаз» АҚ қолдауымен өздерінің ізін басып келе жатқан жас мамандармен шеберлік сағаттарын өткізіп, газбен жабдықтау жүйесінің нысандарын аралады.