Қызылордада «ҚазТрансГаз» АҚ мен «НұрОтан» партиясы газдандыру мәселесіне қатысты қоғамдық қабылдау өткізді

16.06.2017
Қызылордада «ҚазТрансГаз» АҚ мен «НұрОтан» партиясы газдандыру мәселесіне қатысты қоғамдық қабылдау өткізді











«ҚазТрансГаз» АҚ «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, өңірдегі газдандыру мәселелеріне қатысты қоғамдық қабылдауларын жалғастыруда. Өткен аптада газ саласының мамандары Қызылорда қаласы және облысының тұрғындарымен кездесті.
Бүгінде Қызылорда қаласын қоса есептегенде облысты газбен қамту деңгейі 57%-дан асады. Қазір Қызылорда облысында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ елді мекендерді газдандыруға бағытталған инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Айналдырған бір жылдың ішінде 4 бірдей аудан орталығына – Жаңақорған, Шиелі және Әйтеке би кенттері мен Арал қаласына табиғи газ берілді. Сонымен бірге Байқоңыр қаласындағы көшеаралық газ тарату құбырлары толық әзір.

Тұрғындарды көп жағдайда газ жабдықтарының техникалық ахуалын тексеру және осы тексерулердің заңдылығы мәселесі қызықтырады. «Белгісіз адамдар келіп, газ жабдығына техникалық бақылау жүргізу үшін шартқа отыруды талап етеді,- дейді қызылордалық Күлдария Кенжебаева. - Бұл талап қаншалықты заңды және ондай қызметті кім көрсете алады?». «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандарының айтуынша, газ пайдаланушы жүйелер мен газ жабдықтарының иелері, басқаша айтсақ, тұтынушылар бұл құрылғылардың техникалық тұрғыда қалыпты жағдайда жұмыс істеуін және қауіпсіздігін өздері қамтамасыз етуге міндетті. Яғни, осындай қызмет көрсетуге рұқсаты бар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сай аттестатталған мамандандырылған мекемемен шартқа отыруы тиіс.
Тағы бір жиі қойылатын сұрақ есептегіш құралдарына қатысты. «Есептегіш құралы тоқтап немесе бұзылып қалса, пайдаланылған газ үшін төлем көлемі қалай есептеледі?», - дейді Алтынгүл Айтбаева. Есептегіш құралы тоқтап немесе бұзылып қалса, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚР энергетика министрлігі 2014 жылдың 12 желтоқсанында бекіткен №117 типтік шартқа жүгінеді. Онда жеке тұлғалар үшін тұтынылған газ көлемінінің төлемақысы тұтыну нормаларына сай, ал заңды тұлғалар үшін орнатылған газ жабдығының қуатына сай есептелінеді делінген.

Жиналған халық пен кәсіпкерлер көкейінде жүрген барлық сауалдарына жауап алды.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы мен «Газ саласы ардагерлерінің республикалық кеңесі» Қоғамдық бірлестігінің өкілдері кездесуде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын да талқылады. «Газ саласы ардагерлерінің республикалық кеңесі» ҚБ төрағасы Павел Климовтың айтуынша, бұл еліміздің дамуы үшін маңызды құжат. «Қазақстан болашақта қандай болады, келесі ұрпақтар қандай елде өмір сүреді, бұл мәселе әрқайсысымызға байланысты, - деп атап өтті Павел Климов. – Сондықтан әрқайсысымызға артылған жүктің жауапкершілігі ауыр. Мысалы, біздер, газ саласының мамандары, әрбір қазақстандықтың үйінде газ ұдайы жанып тұру үшін міндетімізді абыроймен атқаруға тырысамыз».

Ұйымдастырылған шаралар барысында «Газ саласы ардагерлерінің республикалық кеңесі» ҚБ өкілдері «ҚазТрансГаз» АҚ қолдауымен өздерінің ізін басып келе жатқан жас мамандармен шеберлік сағаттарын өткізіп, «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі Қоғамдық кеңес отырысында өңірдегі газ саласында туындап отырған өзекті мәселелер талқыланған жиынға қатысты.