Қызылордада сауда үйлері, қонақ үйлер мен жеке үйлерде ірі көлемде газ ұрланғаны анықталды

29.03.2017
Қызылордада сауда үйлері, қонақ үйлер мен жеке үйлерде ірі көлемде газ ұрланғаны анықталды





Қабырғаға жасырылған заңсыз газ құбыры Қызылордадағы коммуналдық-тұрмыстық нысандарды тексеру кезінде Бұхарбай Батыр көшесі, 20 «А» мекен-жайы бойынша орналасқан сауда үйлерінің бірінен табылды. Табиғи газды ұрлау үшін «Утемуратова С.» ЖК иесі осындай амалға барыпты.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өндірістік филиалының мамандары газбен жабдықтау жүйесіне заңсыз қосылған «Премиум 50» екі газ қазандығын анықтаған. Мамандардың алдын-ала есебі бойынша, екі қазандықты заңсыз қолданған уақыт ішінде 100 мың текше метр газ жағылған. Ал мемлекеттік газ компаниясына келтірілген шығын 2 млн теңгеден асады. Заңбұзушылық анықталған орында ішкі істер департаменті қызметкерлерімен бірлескен акт толтырылып, бейне және фото дәлелдер тіркелді.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, газды ұрлағаны үшін кәсіпкерге айыппұл салынып, орнатылған газ жабдықтарының қуатына сәйкес тұтынған газ төлемақысы қайта есептелінеді.
Қызылордада үлкен дау тудырған осы тектес оқиға бірнеше ай бұрын тіркелген болатын. Ол кезде қаланың орталығында орналасқан «Караван Сарай» атты ірі қонақ үй-монша кешенінің иесі газ есептеуіш құралдарының пломбасын бұзып, тұтынылған газ көрсеткіштерін төмендетіп көрсетіп отырған. Оған қоса кәсіпкер газ компаниясының айыппұлдар туралы заңды ұйғарымдарын ескерусіз қалдырған. Тіпті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қызметкерлеріне қоған-лоққы көрсетілген.

Жалпы, былтыр Қызылорда қаласында тауарлық газды тұтыну ережелерін бұзу бойынша 86 дерек анықталды. Көп жағдайда Қызылорда облысында газбен жабдықтау жүйесіне заңсыз қосылу, газ тұтыну жабдықтарының қуатын арттыру, газ есептеуіш құралдарының пломбасын бұзу, есептеуіш құралдарына механикалық тұрғыдан әсер ету секілді әрекеттер тіркеледі.