«ҚазТрансГаз» АҚ және жеке инвестор «APL Construction» ЖШС Жаркент қаласын газдандыруды бастады

10.03.2017
«ҚазТрансГаз» АҚ және жеке инвестор «APL Construction» ЖШС Жаркент қаласын газдандыруды бастады











Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ инвестициялық серіктесі «APL Construction» ЖШС бірлесіп Алматы облысындағы Жаркент қаласында жеткізуші газ құбыры мен автоматтандырылған газ тарату станциясын (АГТС) салып іске қосты. Қазір аудан орталығындағы алғашқы абоненттер газға қосылып жатыр.

Бұл жоба «ҚазТрансГаз» АҚ, Алматы облысы Әкімдігі және «APL Construction» ЖШС арасында қол қойылған Алматы облысының Панфилов және Еңбекшіқазақ аудандарын газдандыруды көздейтін өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылды. Меморандумға сәйкес «APL Construction» ЖШС жобаны әзірлеу мен газ тасымалдау жүйелерін салу, сондай-ақ жүйеге тұтынушыларды қосуға қажет инвестиция құюды өз мойнына алды. «ҚазТрансГаз» АҚ жобалау, газ құбырлары, өзге де инфрақұрылымдардардың құрылысына қажет техникалық шарттар алуға жәрдем беріп, қуаты сағатына 120 мың м3 болатын «Жаркент» автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) мен «Қазақстан-Қытай» магистралдық газ құбырынан АГТС-ке дейін бұрушы газ құбырының құрылысын жүргізді. Ұлттық оператор алдағы уақытта табиғи газ ресурстарының қажетті көлемін қамтамасыз етеді.

Қолданысқа беріліп отырған «Жаркент» АГТС-і мен газ құбырлары аудан орталығының 43 мыңнан астам тұрғыны мен 161 өндірістік және коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорынды, сонымен қатар «Қорғас – Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймағын табиғи газбен жабдықтауға арналған.

Жүзеге асырылып отырған жобалар болашақта Алматы облысы Панфилов ауданының Үшарал, Шолақай округтары мен өзге де елді мекендерін газдандыруға мүмкіндік жасайды, бұл өз кезегінде аудандағы кіші және орта бизнес, өндірістің түрлі салаларының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдай туғызады.

Естеріңізге сала кетейік, газдандырудың Бас сызбасына сай, тұрғындарының жалпы саны 900 мың болатын Алматы облысының 228 елді мекенін газдандыру жоспарланып отыр. Осыдан соң өңірдің газдандырылу деңгейі 41% жетеді. Аймақтағы елді мекендерді одан әрі газдандыру өндірістік қуат пен тұтынушылар санына, сондай-ақ газдандыруға қажетті қаржылық мүмкіндіктерге сай жүргізіледі. Ірі транзиттік және магистралдық газ құбырлары Алматы облысы арқылы өткенімен, бүгінгі таңда газдандыру деңгейі бойынша Алматы облысы нашар дамыған аймақтардың бірі саналады. Бұған қоса қазір қалыптасып отырған күрделі экономикалық ахуал тұрғындарды газбен қамтамасыз ету үшін жаңа құралдардың қолданылуын талап етеді. Мысалы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына инвесторлар табуға тура келеді. «APL Construction» ЖШС секілді жеке инвесторлардың тартылуы аймақты газдандыру үшін бүгінгі күні ең тиімді әдіс болып саналады.

"ҚазТрансГаз" АҚ – Қазақстанның газ және газбен қамту саласындағы Ұлттық операторы. "ҚазТрансГаз" АҚ Компаниялар тобына газ өндіретін және оның өнімдерін тасымалдап, жеткізумен айналысатын кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді.

«ҚазТрансГаз» АҚ Баспасөз қызметі тел: 8(7172) 55 23 16